Work

2024 жылғы Қазақстандағы босануға көмектесетін медициналық мекемелерде медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар (МККБИ) деңгейі мен факторларын аймақтық талдау

Year: 2026
Type: article
Study design: Observational Study
Abstract: Зерттеудің мақсаты: Қазақстандағы босануға көмектесетін медициналық мекемелерде кесарь тілігі мен акушерлік қызметтер кезінде медициналық мекемелерде медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекциялар (МККБИ) деңгейін бағалау, сондай-ақ, оның негізгі себептері мен семинарлық оқытудың әсерін анықтау. Әдістері. Обсервациялық-аналитикалық зерттеу жүргізілді. Зерттеуге 2024 жылғы ресми статистикалық деректер негізінде Қазақстанның 17 облысы және республикалық маңызы бар 3 қаласы (n=20) енгізілді. Көрсеткіштер: босанулар саны, кесарь тілігі саны, 1 000 босануға шаққандағы жалпы асқынулар және 1 000 кесарь тілігіне шаққандағы кесарьға байланысты МККБИ. Деректер R 4.5.2 ортасында корреляциялық және регрессиялық талдау, K-means және иерархиялық кластерлеу әдістерімен өңделді. Сандық көрсеткіштер үшін Крускал–Уоллис, категориялық көрсеткіштер үшін хи-квадрат тесті қолданылды. Жеке тұлғалық деректер қолданылмай, тек агрегатталған мәліметтер талданды. Нәтижесі. Аймақтар арасында МККБИ көрсеткіштері айқын әртүрлі болды. 1000 босануға шаққандағы жалпы асқынулар ең жоғары Солтүстік Қазақстанда (0,900), Батыс Қазақстанда (0,828), Абай (0,695) және Павлодар (0,687) облыстарында байқалды. 1 000 кесарь тілігіне шаққандағы осы отамен байланысты МККБИ ең жоғары Солтүстік Қазақстанда (3,839), Абайда (2,996), Павлодарда (2,573) және Батыс Қазақстанда (1,942) тіркелді. Кластерлік талдау 3 топты көрсетті: (1) орташа көлемді және салыстырмалы төмен инфекциялық қауіп; (2) ірі қалалар мен оңтүстік өңірлер – босанулар мен кесарь тілігі саны жоғары, инфекциялық көрсеткіштері аралас; (3) аралық сипаттағы өңірлер. Корреляциялық талдау асептика/антисептика, қолды зарарсыздандыру, дезинфекция/стерилизация бұзылыстары мен МККБИ арасындағы байланыстың жоғары екенін көрсетті (r=0,72–0,80). Регрессиялық модель МККБИ өзгерісінің 74,5%-ын түсіндірді (R²=0,745). Семинардан өткен қызметкерлер саны МККБИ-ге статистикалық маңызды әсер көрсетпеді (r=0,03; p>0,6). Қорытынды. Қазақстандағы босану мекемелерінде МККБИ деңгейі аймақтарға қарай айқын ерекшеленеді, ең жоғары жүктеме Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарында байқалды. Негізгі факторлар – асептика/антисептика және дезинфекция/стерилизация талаптарының бұзылуы, ал қолданыстағы семинарлық оқыту жүйесі өлшенетін әсер көрсетпеді. МККБИ-ді төмендету үшін инфекцияның алдын алу және бақылауды күшейту, аудит жүргізу және өңірлік стратегияларды енгізу қажет.
Language: Kazakh
Field: Medicine
Open Access status: green
OpenAlex ID: W7170233109
FWCI:
Cites: 20
Cited by:
Related to: 10