Year: 2026
Type: article
Abstract: Түрік халық ертегілерінде «Кенже ұл» бейнесі ежелден қалыптасқан дәстүрлі көркем образдардың бірі. Халық ертегілері мен аңыздарында кенже ұл кейіпкері сырттай әлсіз, қарапайым, кейде тіпті ақымақ саналғанымен, оқиға желісі барысында ерекше ақылдылығы, тапқырлығы мен қайраты арқылы ертегі соңында жеңіске жетеді. Оның бейнесі халық қиялындағы арман-мұратты, әділет пен ізгілікті жүзеге асыратын символдық тұлға ретінде сипатталады. Мақалада кенже ұлдың көркемдік қызметі бірнеше қырдан танылады. Біріншіден, ол халық дүниетанымындағы ізгілік пен әділеттіліктің символы. Екіншіден, кенже ұл бейнесі әлеуметтік құрылымдағы кенже баланың әулет иесі, шаңырақ мұрагері ретіндегі мәртебесімен астасып жатады. Үшіншіден, мифопоэтикалық тұрғыдан ол «мәңгі жас, құтқарушы батыр» архетипін бейнелейді. Бұл образ арқылы халық «әлсіздің күштіні, әділдің зұлымды жеңуі» идеясын алға тартады. Сонымен қатар кенже ұл халықтың арман-тілегін бейнелеп, қарапайым адамның үлкен биіктерге жетуін көркем түрде көрсетеді. Түрік халық прозасында бұл бейне тәрбиелік қызмет атқарып, ұлттық құндылықтарды — адалдықты, ізгілікті, әділетті насихаттайды. Демек, кенже ұл бейнесі түркі халықтарының прозалық дәстүріндегі маңызды архетиптік образ. Мақалада қазақ фольклорлық прозасын негізге ала отырып, түрік халық ертегілеріндегі кенже ұлдың образына талдау жасалады. Қай халықтың болмасын әдебиеті ауыз әдебиетінен бастау алатынын ескерер болсақ, ертегінің әдебиеттегі орны бөлек. Себебі, ертегінің бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Түрік халқына ортақ әдеби мұралар, біртұтас байырғы ортақ өркениеті мен мәдениеті жатқаны баршамызға мәлім. Ертегілердегі қара шаңырақтың иесі, бір әулеттің ұйытқысы болған кенже баланың орны туралы зерттеулер жүргіземіз. Мақалада түрік халқының ертегілерінде кездесетін кенже ұлдың орны мен дәріптелуі туралы қарастырдық. Жалпы әдебиетте қиял-ғажайып ертегілері жанрлық жағынан біркелкі емес, оның құрамында алғашқы қауымға тән қарапайым әңгімелер, батырлық ертегілер, сондай-ақ тұрмыс-салтты авантюралық шығармалар да кездеседі. Зерттеу барысында архетиптік талдау, салыстырмалы-типологиялық әдіс және мәдениеттанулық тәсіл қолданылды. «Кенже ұл» бейнесі түркі халықтарының дәстүрлі мәдениетінде кенже баланың шаңырақ иесі, әулет мұрагері ретіндегі әлеуметтік мәртебесімен де тығыз байланысты. Сонымен қатар бұл мотив халық санасында әлсіздің күштіні жеңуі, әділетсіздіктің орнына әділеттің орнауы идеясын жүзеге асырады. Мақалада «Кенже ұл» бейнесі тек әдеби кейіпкер емес, сонымен бірге халықтың рухани болмысын бейнелейтін мәдени-әлеуметтік архетип екендігі дәлелденген.
Language: Kazakh
Subfield: Literature and Literary Theory
Field: Arts and Humanities
Domain: Social Sciences
Open Access status: diamond
OpenAlex ID: W7166344172
