Қазақ Тіліндегі Құранды Етістіктер: Құрылымдық Модельдері, Мағыналық Тұтастығы Және Кестелік Жүйеленуі
Year: 2026
Type: article
Abstract: Мақала қазақ тіл біліміндегі күрделі етістіктер жүйесінің құрамында ерекше орын алатын құранды етістіктердің құрылымдық, семантикалық және функционалдық ерекшеліктерін жүйелеуге арналған. Қазақ грамматикасында күрделі етістіктер жан-жақты зерттелгенімен, құранды етістіктердің сөзжасамдық табиғатын, олардың еркін етістікті тіркестерден, идиомаланған және аналитикалық құрылымдардан айырмашылығын кестелік негізде біріздендіріп көрсету қажеттілігі сақталып отыр. Зерттеудің мақсаты – құранды етістіктерге қатысты ғылыми көзқарастарды жинақтап, олардың құрылымдық модельдерін, мағыналық тұтастығын және сөзжасамдық қызметін жүйелі түрде сипаттау. Негізгі бағыт – есім сөз + көмекші етістік үлгісі арқылы жасалатын құранды етістіктердің жаңа қимыл атауын қалыптастыру қабілетін айқындау, сондай-ақ оларды аналитикалық және идиомаланған етістіктермен салыстырмалы түрде талдау. Жұмыстың ғылыми маңызы – құранды етістіктерді күрделі етістік жүйесіндегі дербес сөзжасамдық модель ретінде нақтылауында. Практикалық маңызы – құранды етістіктердің құрылымдық және семантикалық ерекшеліктерін кестелік форматта ұсыну арқылы оларды оқыту мен лексикографиялық сипаттауда қолдануға мүмкіндік беруінде. Зерттеу барысында салыстырмалы-талдау, құрылымдық сипаттау және кестелік модельдеу әдістері қолданылды. Құранды етістіктердің мағыналық тұтастығы, синтаксистік қызметі және компоненттерінің өзара байланысы нақты тілдік деректер негізінде сараланды. Сонымен қатар құранды етістіктердің еркін сөз тіркестері мен аналитикалық құрылымдардан айырмашылық белгілері арнайы кестелер арқылы жүйеленді. Нәтижесінде құранды етістіктердің жаңа лексикалық қимыл мағына жасайтындығы, олардың компоненттері бір сұраққа жауап беретін тұтас бірлік құрайтындығы және грамматикалық емес, сөзжасамдық қызмет атқаратындығы анықталды. Аналитикалық етістіктер қимылдың өту сипатын білдіретін грамматикалық тәсіл ретінде сипатталса, құранды етістіктер есім сөзді әрекеттік мағынаға көшіру арқылы дербес қимыл атауын қалыптастыратын бірлік ретінде айқындалды. Зерттеудің құндылығы – құранды етістіктердің құрылымдық, мағыналық және грамматикалық белгілерін салыстырмалы кестелер арқылы жүйелеп, олардың тіл жүйесіндегі орнын нақты көрсетуінде. Бұл жұмыс құранды етістіктердің теориялық сипаттамасын толықтырып, оларды сөзжасамдық тұрғыдан дербес модель ретінде тануға негіз қалайды. Практикалық тұрғыдан зерттеу нәтижелері құранды етістіктер сөздігін құрастыруда, морфология курстарында, оқу-әдістемелік құралдар дайындауда және электронды лексикографиялық базалар әзірлеуде тиімді пайдаланылуы мүмкін.
Institution: Kokshetau State University
Language: Kazakh
Subfield: Language and Linguistics
Field: Arts and Humanities
Domain: Social Sciences
Open Access status: diamond
OpenAlex ID: W7224136263
